Әкімдер есебі

117 көшеге жөндеу жүргізілді

Жұма күні Оқушылар сарайында Ақтөбе қаласы Астана ауданы әкімі Дариға Исмағамбетованың тұрғындармен есепті кездесуі өтті. 

Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровтың және аудан тұрғындарының қатысуымен өткен жиында алдымен Дариға Исмағамбетова ауданның өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндамасын жасады.

Айта кетейік, Астана ауданының құрамына 20 елдімекен кіреді, тұрғындар саны — 270 мың. Аудан әкімінің өткен жылғы есепті кездесуі барысында  69 сұрақ  түскен. Бүгінде оның 45-і өз шешімін тауыпты.

Бұл жолғы кездесуде де сұрақ-жауап кезегі келгенде Мәскеу ауданының тұрғыны Сұлушаш Еламанова Чехов көшесі тұрғындары атынан бірқатар мәселелерді көтерді. Айтуынша, аталған көшенің жағдайы өте нашар, жарық жоқ. Сондай-ақ интернет қызметінде де мәселелер бар екен. Қар тазалау жұмыстарына да қатысты қиындықтар кездесіп тұратынын айтты. Тұрғынның бұл сұрақтарына Асхат Шахаров келесідей жауап берді.

— Өткен жылы облыс әкімінің бастамасы бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. 97 көшені жөндейміз деп бастағанбыз, нәтижесінде 117 көшеде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Кей жұмыстарды биыл аяқтайтын боламыз. Қосымша тағы да бірнеше көшеге жөндеу жүргізілетін болады. Сондай-ақ биыл 200-ге жуық ауланы асфальттау міндеті тұр, — деген қала әкімі әрбір тұрғын өз ауласындағы қарды өздері шығаруы керектігін айтты.

Жиын барысында Жаңақоныс-5 елді мекенінің тұрғыны жарық пен ауызсу қашан келетінін сұрады. Тұрғынның бұл сұрағына жауап берген қала әкімі барлық мәселе жүйелі түрде кезең-кезеңімен шешімін табатынын айтты. Мәселен, биыл Жаңақоныс-3,4-ке көгілдір отын тартылса, Жаңақоныс-5-ке электр жүйесі жүргізіледі.

Қаланың ардагерлері атынан сөз сөйлеген ардагерлер кеңесінің мүшесі Қуаныш Әубәкіров Ардагерлер скверіне көгалдандыру жұмыстарын жүргізуді қолға алуды, бұл іске сол сквер маңындағы кәсіпкерлерді тарту қажеттігі жөнінде ұсынысын айтты. Сондай-ақ ол сол көшедегі «Дастархан» дүкенінің алдында Ұлы Отан соғысына арналған ескерткіш тұрғандығын, сол ескерткішті осы скверге орнату туралы ұсынысын жеткізді. Сонымен қатар ақсақал Абай даңғылындағы ағаштардың азайып келе жатқанына да алаңдаушылық білдірді. Ағаш күтіміне көңіл бөліп, білікті маман тарту қажеттігін айтты.

Тұрғынның бұл ұсынысының орынды екенін айтқан қала әкімі бұл мәселенің барлығын аудан әкімі Дариға Исмағамбетоваға тапсырды. Ағаш отырғызу мәселесіне қатысты биыл қаланы бірнеше лотқа бөліп, компаниялармен 3 жылдық мерзімде келісімшартқа отыруды жоспарлап отырғанын, сондай-ақ қала көшелеріне көпжылдық гүлдерді отырғызу жұмыстары қолға алынатынын мәлімдеді. Бұл жұмыстар наурыз айынан басталатын болады.

Тұрғындардың қойған барлық сұрақтарына жиын барысында нақты жауаптар берілді. Есепті жиында сөз алған қала әкімі Асхат Шахаров аудан аумағында әлі де атқарылатын жұмыстар барын, тұрғындардың айтылған барлық ұсыныс-пікірлері орынды екенін айтты.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button